31 шілдеден бастап Алматы мен Измир арасында тікелей әуе қатынасы ашылады. SunExpress әуекомпаниясының жаңа бағыты қаланың халықаралық маршруттық желісін кеңейтіп, Қазақстан мен Түркия арасындағы туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға қосымша мүмкіндіктер туғызады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, рейстер аптасына екі рет орындалады. Измирден сейсенбі және жұма күндері 2026 жылдың қазан айының соңына дейін 189 жолаушыға арналған Boeing 737-800 ұшақтарымен ұшу жоспарланған. Измирден ұшу сағат 21:00-де, Алматыға келу келесі күні сағат 05:00-де. Кері рейстер Алматыдан сәрсенбі және сенбі күндері: ұшу сағат 06:25-те, Измирге келу сағат 09:50-де.
Измир — Түркияның ірі туристік және экономикалық орталықтарының бірі әрі Эгей жағалауының басты әуе қақпасы. Тікелей рейс екі қала арасындағы саяхатты ыңғайлы етіп, өзара туристік ағынның өсуіне ықпал етеді. Әкімдік халықаралық маршруттық желіні кеңейту Алматы туризмін дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Жаңа тікелей рейстер қаланың көліктік қолжетімділігін арттырып, оның Орталық Азиядағы жетекші туристік және әуе орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтады.


