Алматы қалалық кардиологиялық орталығы алғаш рет Joint Commission International (JCI) халықаралық аккредитациясына ие болды. Бұл сертификат клиниканың пациенттер қауіпсіздігі мен ем сапасының әлемдік стандарттарына сай екенін растайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
JCI — медициналық мекемелерді пациенттер қауіпсіздігі мен ем сапасы стандарттары бойынша бағалайтын халықаралық ұйым. Аккредитацияның болуы клиниканың қойылатын талаптарға сай екенін білдіреді.
Сертификат үш жылға берілді. Осылайша, орталық Қазақстандағы осындай мәртебеге қол жеткізген алғашқы қалалық аурухана және елдегі алғашқы мамандандырылған жедел кардиологиялық көмек орталығы атанды.
Сарапшылар тексеруді 19-21 тамыз аралығында жүргізді. Олар дәрі-дәрмек және хирургиялық көмек қауіпсіздігін, инфекциялық бақылауды, тәуекелдерді басқаруды және ем сапасын бақылау жүйесін бағалады.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2026 жылдың сегіз айында орталық 1,1 млн-нан астам адамға көмек көрсеткен. Мұнда 7,5 мыңнан астам пациент стационарлық ем алды.
Осы кезеңде орталықта 90 мыңнан астам ота мен процедура жасалды — бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,5%-ға көп.
Өткен жылы орталық мамандары тәжірибелерінде алғаш рет жүрек трансплантациясын жасады. Бұл ота ауруханада жасалған ең күрделі операциялардың бірі болды.
Бұған дейін Kursiv Health медициналық зертханаларды аккредиттеу ережелеріне өзгерістер дайындалғанын жазған еді. Енді рәсім онлайн өтеді.


