Алматыда куәгерлер көліктерді жаппай эвакуациялау сәтін бейнеге түсіріп алды: Рысқұлбеков көшесінде, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының (ҚазБСҚА) жанында бір уақытта 10-нан астам эвакуатор жұмыс істеген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бейнероликті almatynews_kaz Instagram парақшасы жариялады. Куәгердің айтуынша, түсірілім кезінде жол бойында 20-дан астам көлік тұрған.

Алматы қалалық полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне ешқандай оқиға болмағанын түсіндірді. Сөз көлік құралдарын тоқтату және тұрақ ережелерін бұзушылықтарды анықтауға бағытталған тұрақты түрде жүргізілетін рейдтік іс-шаралар туралы болып отыр.

«Рейдтердің негізгі мақсаты — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа қозғалыс қатысушыларына кедергі келтіретін жағдайлардың алдын алу», — деп атап өтті полицияда.

Әкімшілік полиция басқармасының дерегінше, жыл басынан бері тоқтату немесе тұрақ ережелерін бұзғаны үшін 35 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған, 10 мыңнан астам көлік құралы арнайы тұраққа қойылған.

«Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтауға, жол белгілері мен таңбалауға назар аударуға, сондай-ақ тек рұқсат етілген тұрақ орындарын пайдалануға шақырады», — деді Алматы тұрғындары мен қонақтарына қалалық ПД.