Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенті өмірден өтті. Оқиға туралы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі хабарлап, қазір мән-жайды құқық қорғау органдары анықтап жатқанын мәлімдеді, деп жазады infohub.kz сайты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметінің нақтылауынша, қаза тапқан студент география және табиғатты пайдалану факультетінде оқыған. Университет ұжымы бірінші курс студентінің мезгілсіз қазасына байланысты оның ата-анасына, туған-туыстарына және жақындарына қайғырып көңіл айтты.
«Қазіргі таңда құқық қорғау органдары болған жайдың мән-жайын анықтау мақсатында тексеріс жүргізіп жатыр. Университет ахуалдың объективті қаралуына жан-жақты жәрдемдесуде», — деді баспасөз қызметінде.
Университет басшылығы мен ұжымы қаза тапқан студенттің отбасына қажетті материалдық және моральдық қолдау көрсетіп жатқаны атап өтілді.
«Осы ауыр қайғыны бірге бөлісе отырып, марқұмның отбасы мен жақындарының сезімін құрметтеуге, сондай-ақ ресми түрде расталмаған ақпарат пен жалған мәлімет таратпауға шақырамыз», — деп қосты оқу орнында.
Еске салайық, 6 қарашада Алматыда бір қыздың қаза тапқаны туралы ақпарат тараған. Ол Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің бірінші курсында оқыған көрінеді. 11 қарашада студент қыздың қазасына ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірген еді.


