Алматыда Қалалық репродукция орталығының дәрігерлері күрделі ота жасады: науқастың іш қуысын толығымен дерлік алып кеткен, салмағы шамамен үш келіге жететін ісік алынып тасталды. Әйел бір жарым жыл бойы ісікпен жүріп, өсіп келе жатқан қарны мен ауырлық сезімін артық салмаққа жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ісік толық жетілген жүктіліктің мөлшеріне дейін өсіп, ішінде жеті литр сұйықтық жиналған. Алматылық әйел ауырсыну пайда болған соң ғана дәрігерге қаралды.

Ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографияны қамтыған тексеру барысында қарнының үлкеюіне артық салмақ емес, алып ісік себеп болғаны анықталды.

Аурудың асқынып кетуіне және бұрын жасалған оталардан қалған жабысқақтарға байланысты науқас үшін қауіп өте жоғары болды. Дегенмен хирургтер оның репродуктивті органдарын сақтап қалды.

Жалпы ота сәтті өтті. Дәрігерлер салмағы шамамен үш келі ісікті алып, жеті литрге жуық сұйықтықты сорып алды. Алынған тіндер гистологиялық зерттеуге жіберілді. Медиктердің айтуынша, қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық, стационарда ем қабылдап, үйге шығуға дайындалып жатыр.

Мамандар ескертеді: қарнының кенет үлкеюі тыныс тарылуымен, ауырсынумен және ауырлық сезімімен қатар жүрсе, бұл әрдайым салмақ қосуға байланысты бола бермейді. Осындай белгілер пайда болса, дереу тексеруден өтіп, олардың шынайы себебін анықтау қажет.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстан мен Ресейдің хирургтері кеуде қуысы мен іш қуысында ауыр туа біткен патологиялары бар балаларға шағын тесіктер арқылы бірқатар күрделі ота жасағанын жазған. Одан бұрын ресейлік травматолог-ортопед Максим Вавилов Қарағандыда аяқтарында күрделі деформациясы бар балаларға ота жасағаны хабарланған.