Алматыда көшелердің бірінде жолдың ортасында көлік тұтанып кетті. Өрт су шашатын машинаның көмегімен сөндірілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, СОБР қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару барысында жолда жалындап жатқан көлікті байқаған. Олар дереу тоқтап, қауіпті аймақта қозғалысты жауып, айналадағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрт сөндіруге кіріскен. Алайда кәдімгі өрт сөндіргішпен отты тізгіндеу мүмкін болмаған – жалын қатты күшейіп келе жатқан. Сонда полицейлер жанынан өтіп бара жатқан су шашатын машинаны тоқтатып, оның суын пайдаланып өртті сөндірген.

Полиция департаментінде атап өткендей, жауынгерлердің батыл, сауатты әрі үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында өрт қысқа мерзімде сөндірілді. Ешкім зардап шеккен жоқ, ең бастысы – өрттің таралуына және ауыр зардаптарға жол берілмеді.