Алматыдағы коммуналдық қызмет қызметкерлерінің шөп үстінде демалып жатқанын көрсететін видео әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Видео авторы әйелдерді жұмыс істемейді деп айыптады, алайда олардың заңды түскі үзілісте болғаны анықталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға 22 тамызда сағат 13:10 шамасында Майлин көшесіндегі аллеяда болған. Түрксіб ауданының «Алматы тазалық» МКК қызметкерлері 12:00-ден 14:00-ге дейін созылатын түскі үзіліс кезінде демалған. Алматы әкімдігінің түсіндіруінше, кәсіпорынның өндірістік персоналы тәулік бойы үш ауысыммен жұмыс істейді, әр ауысымға екі сағаттық екі үзіліс қарастырылған: күндізгі (12:00-ден 14:00-ге дейін) және түнгі (00:00-ден 02:00-ге дейін).
Арандатушылық түсірілімге байланысты МКК қызметкерлері 23 тамызда Түрксіб ауданының полиция басқармасына арызданған. Әйелдің жеке басы анықталды. Оның әрекеттерінен ұсақ бұзақылық белгілері байқалған, осыған байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама жасалған. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді.
Сонымен қатар, тексеру барысында әйелдің итін тұмылдырықсыз серуендеткені анықталды. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін ол ҚР ӘҚБтК-нің 407-2-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 10 АЕК мөлшерінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынды.


