Алматыда кәмелетке толмаған қызды ұрып-соққан қатыгез видео желіде тарады. Полиция қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz.
Telegram-каналы HALYQSTAN-да қатыгез қорлық түсірілген видео жарияланды. Бір топ қыз құрбысының бетінен ұрып, шашынан тартып, қорлап, тізерлетіп, бәрін видеоға түсіріп алғаны хабарланады.
Жарияланымда ұрып-соғуға қатысушылардың бірі – кәмелетке толмаған қыз – жазбаны әлеуметтік желілерде жариялағаны айтылады. Кейін видео жойылғанымен, полиция қызметкерлері оны сол уақытта зерттеп үлгерген.
Тілші Алматы полиция департаментіне түсініктеме сұраған. Ол жерде видеодан бір топ жасөспірімнің кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қарсы әрекеттері түсірілгені айтылды. Осы факті бойынша қылмыстық іс тергелуде.
«Қазіргі таңда оқиғаның барлық қатысушылары анықталды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп нақтылады полициядан.
Тергеу барысы Алматы полиция департаменті басшылығының бақылауында екені атап өтіледі.


