Алматыда таңертең Түрксіб ауданында өрт шықты. Құтқарушылар қымбат техникасы бар қойманың толық күйіп кетуіне жол бермеді. Өртті өрт сөндіру пойыздарының көмегімен сөндірді, деп хабарлайды infohub.kz.

Өрт Сүйінбай даңғылындағы қоймалар аумағында шыққан. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, құрылыс материалдары сақталған бір қабатты қойма ғимараты жанған. ТЖМ-нің алғашқы бөлімшелері келген кезде ашық жану байқалған.

Іс-қимылдарды үйлестіру үшін жедел штаб құрылды. Өрт сөндіруге ТЖМ, қалалық Құтқару қызметі, өрт сөндіру пойыздары, Апаттар медицинасы орталығының бригадасы және басқа да жедел қызметтер жұмылдырылды. Суды үздіксіз жеткізу үшін ТЖМ-нің өрт сөндіру автопойызы мен ҚТЖ-ның өрт сөндіру пойызы тартылды.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, барлық қызметтердің жедел әрекетінің арқасында кәсіпкерлердің тауарлы-материалдық құндылықтарының едәуір бөлігін сақтап қалуға және оттың көрші қоймалар мен жақын маңдағы нысандарға таралуын болдырмауға мүмкіндік туды.

Өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.