Алматыда жас жігіт таспен жұмыс істеп жатқанда көзіне ауыр жарақат алды: жоғары жылдамдықпен ұшқан сынық бірнеше қабықты тесіп, көздің тереңіне кіріп кетті. Офтальмологтар күрделі көп кезеңді ота жасап, бөгде затты алып шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ-нің мәліметінше, жас жігіт балғамен тасты ұсақтап жатқанда, сынықтың бірі көзіне тиген. Бөгде зат қасаң қабықты, көз бұршағын, нұрлы қабықты және көздің терең құрылымдарын зақымдаған.
«Офтальмологтарға күрделі әрі нәзік жұмыс тұрды: жарақат өте ауыр болды — қасаң қабық, көз бұршағы, нұрлы қабық және көздің терең құрылымдары зақымданған», — делінген хабарламада.
Дәрігерлер зақымданған құрылымдарды кезең-кезеңімен қалпына келтіріп, көзді және мүмкіндігінше көру қабілетін сақтап қалуға тырысты.
«Жарақат өте ауыр болды: тас сынығы көздің тереңіне кіріп кетті. Біз күрделі көп кезеңді ота жасадық: қасаң қабықты тіктік, жарақаттық катарактаны алып тастадық, көз бұршағын бекіттік, нұрлы қабықты пластикалап, витрэктомия жасадық. Ота барысында сынықты тауып, алып тастадық, содан кейін көз құрылымын сақтау үшін силикон майын енгіздік», — деді офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиға таспен және басқа да қатты материалдармен жұмыс істегенде көз жарақаты қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екенін тағы бір дәлелдегенін атап өтті.
«Мұндай жұмыстар кезінде қорғаныш көзілдірік кию қажет», — деп қосты басқармада.


