Алматыда жеткізу қызметінің курьері түн ортасында көмек сұраған айқайды естіп, оқиғаға араласып, әйелге қатысты ауыр қылмыстың алдын алды, деп хабарлайды infohub.kz.
Оқиға өткен түні сағат 02:30 шамасында Медеу ауданындағы тұрғын үй кешенінің бірінде болған. Полиция мәліметінше, курьер тапсырысты орындап, кіреберістен шығып бара жатқанда, күзет бөлмесінен әйелдің айқайы естіледі. Ол екі ойланбастан оқиғаға араласып, әйелге қатысты заңсыз әрекетті тоқтатқан, содан кейін патрульдік экипажды шақыртқан.
Оқиға орнына келген полицейлер күдіктіні ұстап, Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізген. «Куәгердің уақтылы араласуының арқасында қылмыстық ниет соңына дейін жүзеге аспады. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — делінген полиция хабарламасында.
Полиция азаматтардың бей-жай қарамауы ауыр қылмыстардың алдын алуға жиі көмектесетінін атап өтіп, осындай жағдайларда дереу 102 телефонына хабарласуға шақырды.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle қазақстандық блогер Арман Әл-Аминнің қаржылық қиындықтар кезінде жүздеген мың жазылушысы бола тұра, жеткізу қызметінде курьер болып жұмыс істегенін мойындағанын жазған. Оның «жаман жұмыс жоқ» деген әңгімесі әлеуметтік желілерде кең резонанс тудырып, көптеген қолдау сөздерін жинаған.


