Алматыда қала тұрғындары тағы да бетонмен қапталған ағаштарды байқады — бұл жолы Кұрманғазы көшесінде жасыл желектердің тамыры бетон қабатының астында қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Абылай хан даңғылы мен Панфилов көшесінің аралығында қазір абаттандыру және гастрономиялық көше ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Әлеуметтік желілерде жаяу жүргінші жолының шеті бетонмен құйылып, қасындағы ағаштардың тамыры суға батқан бейнежазба пайда болды. Бейнежазба Денис Тен ескерткіші орнатылған сквердің қарсы бетінде түсірілген.

Бейнежазба жарияланғаннан кейін әкімдікке көптеген шағым мен айыптау келіп түсті. Мұндай жағдайлар соңғы бір жылда қалада бірнеше рет тіркелген. Алмалы ауданы әкімдігінде бұл учаскеде тік құлдилауға байланысты жасыл аймақтың деңгейін көтеріп жатқанын түсіндірді. Олардың айтуынша, құйылған бетоннан тірі өсімдіктердің ешқайсысы зардап шекпеген.

«Желіде таралып жатқан бейнематериалдарға қатысты айтамыз: кадрларда түсірілген нысан — шамамен екі жыл бұрын кесілген ағаштың түбірі. Ағымдағы жұмыстар барысында тірі көпжылдық жасыл желектер зақымдалған жоқ», — деп жазды әкімдікте.

Сонымен қатар, мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі бұзушылықтар мен аумақты тиісті деңгейде ұстамағаны үшін айыппұл арқалады. Ведомство жасыл аймақты қалпына келтіріп, жаңа бұталар отырғызуға уәде берді.

Еске салайық, Алматының алғашқы гастрономиялық көшесі туралы ақпан айында айтыла бастаған. Әкімдіктің жоспары бойынша, Кұрманғазы көшесінде «сапалы қалалық серуендеу алаңы және тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды нүкте» пайда болады.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle Масанчи гастрономиялық көшесінің қандай болатынын көрсеткен.