Алматыда жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) жолдарының алғашқы рельстері төселумен қатар, осы пойыздарға арналған депо құрылысы жүріп жатыр. Жобаның қай кезеңде екенін Kursiv LifeStyle білді, деп хабарлайды infohub.kz.

Депо Алатау ауданының Индустриялық аймағында салынып жатыр. Ол үшін әкімдік Сокпакбаев көшесі, 72 мекенжайы бойынша учаске бөлді. Деподан ЛРТ желісі Момышұлы көшесімен Төле би көшесіне дейін созылады. Содан кейін оның ең ұзын бөлігі Төле би бойымен Абылай хан даңғылына дейін жалғасып, Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жетеді.

Депо құрылысының қосалқы мердігері қазақстандық QPARK GROUP компаниясы болды. Оның Instagram парақшасында жұмыс барысы туралы бейне жарияланды. Тапсырыс беруші — ірі құрылыс холдингі «Integra Construction».

Қосалқы мердігердің өкілінің айтуынша, олар құрылыс үшін негіз дайындауы керек: қазіргі топырақты алып, жаңасын төсеу. Бұл ғимараттың шөгуін және одан әрі деформациясын болдырмау үшін жасалады. Әзірге жоба 20%-ға орындалды. Жұмысшылар құнарлы қабаттың 85%-ын шығарды. Енді оның орнына басқа топырақ төселіп, техникамен тығыздалуда.

Жалпы компания жұмысшылары 680 мың текше метрді алып, 683 мың текше метрді төсеуі тиіс. Әзірге бұл көлемнің 20%-ы орындалды.

«Топырақты 30 сантиметрлік қабаттармен төсейміз. Әр қабатты катоктармен тығыздағаннан кейін тығыздықты зертханалық бақылаудан өткіземіз және келесі қабатты төсеуге алдыңғы қабаттың тығыздалу сапасы расталғаннан кейін ғана кірісеміз», — деп атап өтті қосалқы мердігердің өкілі.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle ЛРТ желісінің астындағы инженерлік коммуникацияларды нығайту мен көшіру 2026 жылдың қараша айының соңында аяқталатынын жазған болатын. Осыдан кейін Алматыда желі құрылысына тікелей кіріседі.