Алматыда жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) желісінің алғашқы рельстері төселе бастады — құрылыс алаңынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тиісті жазба Instagram желісіндегі lrt.almaty парақшасында жарияланды. Бейнежазбаға қысқаша атау берілген: «Алматы ЛРТ-нің алғашқы рельстері».
Бұған дейін әкімдік бірінші желінің бірінші кезегі Алатау ауданының индустриялық аймағында, Мөңке би мен Б. Момышұлы көшелерінің тұсында орналасқан деподан басталатынын мәлімдеген. Одан әрі трасса Б. Момышұлы көшесімен Төле би көшесіне дейін, содан кейін Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін, әрі қарай Абылай хан даңғылымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-алмасу торабы қарастырылған.
Желіні іске қосу 2027 жылдың соңына жоспарланған. Алайда әкімдік атап өткендей, жобаны жүзеге асырудың нақты мерзімі қажетті жылжымалы құрамды дайындау және жеткізу мерзімдеріне байланысты өзгеруі мүмкін.
Сондай-ақ бір ЛРТ құрамы оңтүстік астанада 285 жолаушыны тасымалдай алатыны хабарланған. Қозғалыстың орташа жылдамдығы 35 км/сағ құрайды.


