Алматы қалалық мәслихатының кезекті сессиясында Төле би көшесіндегі жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысының нақты мерзімдері айтылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жиналыс барысында ұсынылған ақпаратқа сәйкес, Төле би көшесіндегі LRT жобасы аясындағы құрылыс жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал бірінші желінің бірінші кезеңін толығымен келесі жылдың желтоқсанында бітіру көзделген.

Мәслихат сессиясында LRT құрылысының қарқыны туралы мәселені депутат Бейбіт Құсайынов көтерді. Оның айтуынша, тұрғындар Төле би көшесінің кейбір учаскелері жабылғанын, алайда құрылыс жұмыстары барлық жерде бірдей жүргізілмегенін айтып шағымданады.

— Әлеуметтік желілерде тұрғындар Төле би көшесінің жекелеген учаскелерінде құрылыс басталғанын, бірақ кейбір жабық учаскелерде жұмысшылар мен техниканың жеткіліксіз екенін айтып шағымданып жүр. Жұмыстар қашан аяқталып, бұл учаскелер қандай мерзімде ашылады? — деп сұрады депутат.

Ол сондай-ақ ұзындығы шамамен 18 шақырым болатын жобаның бірінші кезеңінің аяқталу мерзіміне қызығушылық танытты.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов ұзындығы 18,3 шақырым болатын LRT бірінші желісінің бірінші кезеңінің құрылысы кестеге сәйкес жалғасып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір нысанда 80-ге жуық жұмысшы мен 50-ден астам құрылыс техникасы жұмылдырылған.

Құрылыстың негізгі кезеңдерінің бірі — инженерлік желілерді шығару. Жоба бойынша барлығы 282 инженерлік коммуникация қиылысын қайта жабдықтау қарастырылған. Бүгінгі таңда оның 90-ы бойынша жұмыстар аяқталды.

— Инженерлік желілерді шығару жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Момышұлы көшесінде жолдың жоғарғы құрылымын салуға кірістік. Бүгінгі таңда 1600-ге жуық темірбетон шпал мен 600 погондық метр рельс төселді. Төле бидегі жұмыстарға келетін болсақ, оларды қараша айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы жобаны келесі жылдың желтоқсанында бітіруді көздеп отырмыз, — деді Олжас Шабданов.

Сессияда желіні одан әрі дамыту жоспарлары да айтылды. Басқарма басшысының айтуынша, LRT-нің екінші кезеңі аясында Төле би көшесі бойымен «Барлық» базарына дейін ұзарту жоспарлануда.