2026 жылдың басынан бері Алматыда масаң күйде жасалған 224 қылмыс тіркелді, оның 97-сі ауыр дене жарақатын келтірумен байланысты, деп хабарлайды infohub.kz.
Осыған байланысты полиция алкоголь өнімін сататын сауда нысандарының иелері мен сатушыларымен профилактикалық жұмысты күшейтті. Дүкен қызметкерлеріне ішімдік сату ережелері мен заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік ескертілуде.
Кезекті кездесу Алматы полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы мен Алмалы ауданы полиция басқармасының қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
Алматы қалалық полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Жандос Қавлиев профилактика полиция қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Біздің міндетіміз — салдарына ғана әрекет ету емес, себептерінің алдын алу. Сондықтан алкоголь өнімін сататын сауда субъектілерімен профилактикалық жұмыс полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді», — деді Жандос Қавлиев.
Полиция қала тұрғындарын алкогольді тұтынуға жауапкершілікпен қарауға және ықтимал салдарды ескеруге шақырады.
Бұған дейін Қазақстан алкоголь тұтыну деңгейі бойынша Орталық Азия елдері арасында бірінші орын алғаны хабарланған болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне негізделген World Population Review рейтингісіне сәйкес, 15 жастан асқан әрбір тұрғынға жылына 5,4 литр таза спирт келеді. Бір жыл ішінде көрсеткіш 6,38 литрден төмендеп, Қазақстан әлемде 68-ші орыннан 83-ші орынға түсті.


