Алматыда Медеубекова көшесінің Абай мен Райымбек даңғылдары аралығындағы бөлігін қайта жаңғырту жоспарланып отыр: жүріс бөлігі төрт жолаққа дейін кеңейтіліп, жаяу жүргінші жолдары, веложолдар және көше жарығы пайда болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жоба туралы қалалық мәслихат отырысында жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов айтып берді.
«Медеубекова көшесін Абай даңғылынан Райымбек даңғылына дейінгі жалпы ұзындығы 3,3 шақырым учаскеде қайта жаңғырту жобасы жүріс бөлігін төрт жолаққа дейін кеңейтуді көздейді. Сондай-ақ жаяу жүргінші жолдары мен веложолдар, көше сыртқы жарығы, сондай-ақ жол қозғалысын ұйымдастырудың заманауи құралдары қарастырылған», — деді Олжас Шабданов.
Оның айтуынша, қоғамдық көлікке арналған бөлек жолақ мүмкіндігі көліктік модельдеу барысында қаралады.
«Бұл көшені кеңейту Абай даңғылымен және Төле би мен Жұбанов көшелерінің салынып жатқан жалғастарымен магистральдік байланыс құруға мүмкіндік береді. Рысқұлов даңғылына дейін ұзарту әзірге жоспарланбай отыр», — деп қосты ол.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды бұл учаске бұрын облыс қарамағында болғанын атап өтті.
«Біз жолды қалаға беруді сұрадық, оны кеңейту мен күтіп ұстауды өз бетімізше қаржыландырамыз», — деді ол.
Ол Абай мен Рысқұлов даңғылдарының, Тлендиев пен Сайын көшелерінің жалғастарында да осындай жағдай қалыптасқанын қосты.
«Біз шекараға дейін жеткізіп жатырмыз, шекарадан әрі жұмыс жүргізілмейді. Біз де бұл учаскелерді өзімізге алдық, БАҚАД-қа дейін жеткізіп, қалалық бюджет есебінен аяқтаймыз, өйткені олар ең алдымен қалаға қажет», — деп түйіндеді ол.


