Almaty Museum of Arts бірінші туған күніне орай 12 қыркүйекте сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін кіру тегін болады. Қонақтарға арт-іс-шаралар, шеберханалар, перформанс және музыкалық қойылым дайындалған, деп хабарлайды infohub.kz.

Сағат 11:30-дан 20:00-ге дейін келушілер «Мұражайға тілек» арт-акциясына қатыса алады. Күні бойы Aşyq Şeberhana алаңдарының екеуі де жұмыс істейді. Сағат 12:00-ден 14:00-ке дейін және 16:00-дан 18:00-ге дейін «Арман көрмесі» өтеді, ал дәл осы уақытта қонақтарды «Сиялы шедеврлерге» шақырады.

Сағат 14:30-дан 16:30-ға дейін Саид Атабеков пен Арыстанбек Шалбаевтың көркемдік перформансы өтеді. Бағдарламаны электроника элементтері бар «Roksonaki» этно-фьюжн тобының қойылымы аяқтайды. Концерт сағат 17:00-ден 20:30-ға дейін өтеді.

Сонымен қатар, 8 қыркүйекте Almaty Museum of Arts-та «Мүсіндер: Қазақстан мүсін өнері 1950-жылдардан бүгінге дейін» көрмесі ашылды. Толық ақпарат пен экспонаттардың фотосуреттерін сілтеме бойынша көре аласыз. Тағы 12 қыркүйектен 12 қазанға дейін Әл-Фараби аудиториясында американдық суретші Кристиан Марклейдің «Сағат» (The Clock) атты 24 сағаттық видеоинсталляциясы көрсетіледі. Осыған орай белгілі күндері алаң тәулік бойы жұмыс істейді.

Еске салайық, Almaty Museum of Arts келушілер үшін есігін 2025 жылдың 12 қыркүйегінде ресми түрде ашты. Орталық Азиядағы тұңғыш заманауи өнер мұражайын коллекционер және меценат Нұрлан Смағұлов құрды. Ғимаратты британдық Chapman Taylor сәулет бюросы жобалаған, ал құрылыс 2022 жылдан бастап жүргізілді.

Ашылуына дейін-ақ мұражай мен оның экспонаттары алматылықтардың қызығушылығын тудырған. Алдымен тұрғындарды Әл-Фараби мен Назарбаев даңғылдарының қиылысындағы алып қыз басы таңғалдырды. Кейін Смағұлов жұбайымен бірге «Надэс» мүсінін мұражайдың алғашқы экспонаты ретінде салтанатты түрде ашты. Бұл туындының атын қалай алғаны және үш теңіз арқылы Алматыға қалай жеткені туралы сілтемедегі репортажда оқи аласыз.