Алматы облысында әлеуметтік тұрғын үйге бөлінген 101 млн теңгені жымқырған қылмыстық істің үш фигуранты сот алдына отырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ аймақтық прокуратураға сілтеме жасап хабарлағандай, тиісті ақпарат ведомствоның ресми сайтында жарияланған.
Райымбек ауданының прокуратурасы әлеуметтік осал азаматтарға тұрғын үй сатып алудың заңдылығына талдау жүргізді. Талдау аясына 2019–2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 596 млн теңгеден асатын 55 тұрғын үй сатып алуға байланысты мемлекеттік сатып алулар кірді.
Тексеру барысында тұрғын үй құнын асыра бағалау, одан кейін бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, қатысушылар арасында бөлу схемасы анықталды.
Сотқа дейінгі тергеу аясында мемлекетке келтірілген шығын 101,4 млн теңге болып белгіленді.
2026 жылғы 5 тамыздағы сот үкімімен үш фигурант Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы (бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылды. Оларға 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, тиісті лауазымдарды өмір бойы атқару құқығынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енбегені атап өтілді.


