Алматы облысында өндірілген өнім әлемнің 61 еліне жеткізіледі. Қазір өңірдегі 49 кәсіпорын өз өнімін шетелге экспорттайды. Соңғы үш жылда жалпы экспорт көлемі 1,1 млрд АҚШ долларына (шамамен 515 млрд теңге) жетті. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Көрші мемлекеттерден басқа, облыс кәсіпорындары Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак, Пәкістан, Германия, Польша, Румыния және Болгарияға да тауар жөнелтеді. Соңғы үш жылда алыс шетелге экспорт көлемі 2,1 есе өсіп, 291,7 млн долларды құрады.
Негізгі сауда серіктесі — Өзбекстан. Оған экспорт көлемі үш жылда 110 млн доллардан 203 млн долларға дейін өсті. Экспорттың негізгі тауарлары — ұн, сүт өнімдері және фармацевтикалық бұйымдар.
Өңірлік экспорттың 60%-дан астамы ауыл шаруашылығы өнімдері мен олардың қайта өңделген тауарларына тиесілі. Сонымен қатар шетелге құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі өнімдері, фармацевтика және темекі бұйымдары жөнелтіледі. Ең жоғары сұранысқа ет, құс еті, жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері мен сусындар ие. Алматы облысы көкөніс шырындарын экспорттау бойынша Қазақстанда бірінші орында.
Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рахымбаевтың айтуынша, өңір біртіндеп елдегі ірі экспорттық-логистикалық орталықтардың біріне айналуда. «Бұған тамақ өнеркәсібі, фармацевтика және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын арттыру себеп болды. Өңірдің көліктік-логистикалық инфрақұрылымының — Қытай-Еуропа халықаралық көлік дәлізі, БАКАД, заманауи логистикалық хабтар мен қойма кешендерінің дамуы да маңызды рөл атқарады», — деді Рахымбаев.
Shin-Line компаниясы өткен жылы Қытай, Сауд Арабиясы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне рекордтық 15 мың тонна балмұздақ жеткізді. Fruit Art және LST AGRO кәсіпорындарының қызанақтары мен сублимацияланған өнімдерінің 90%-ға жуығы Ресейдің ірі сауда желілеріне жіберіледі. RG Brands Kazakhstan компаниясы шырын, алкогольсіз сусындар және шай өнімдерін жеткізуден жыл сайын шамамен 60 млн доллар экспорттық табыс алады.


