Алматы облысындағы Панфилово елді мекенінің тұрғындары үш жыл бойы маңайдағы мал сою орнынан шыққан шыдамас иіске шағымданып келеді. Сасық иістен олар терезелер мен есіктерді аша алмайды, кейбірі үйінен кетуге мәжбүр. Бұл мәселе туралы infohub.kz хабарлайды.
Жергілікті тұрғын Данияр Айдарбековтің айтуынша, жылы мезгілде шіріген ет пен малдың ішек-қарнының иісі шыдамастай болады. «Бұл мәселе екі-үш жылдан бері созылып келеді. Жылымық түсіп, жаз келгенде жел соқса болды — бітті. Мұнда тұншығып отырмыз. Шірік иісі. Малдың ішкі мүшелері, терісі шіриді. Бұл — тезең. Барлығы араласып, келеді», — деді ол. Шаруаның сөзінше, ол кейде отбасымен ауылды тастап кетуге мәжбүр, сасық иісті жұтпау үшін.
Сойыс цехы жергілікті базар аумағында жұмыс істейді. Тұрғындардың айтуынша, иіс бірнеше шақырымға тарайды. Олар сасық иістің көзін анықтамақ болып, малдың ішек-қарны мен қалдықтары жай ғана еденге шашылып жатқанын көрген.
Мал сою орнының иелері жағымсыз иістің мұндай өндіріске тән екенін түсіндірді. Кәсіпорын 60 жылдан бері жұмыс істеп, жергілікті тұрғындарды етпен қамтамасыз етеді. Бұрын шағым түспеген, себебі жақын маңда тұрғын үйлер болмаған. «Иіс туралы айтарым, кеңес кезінде МТФ айналасында санитарлық аймақ болған. Бірақ қазір бұл санитарлық аймақ тұрғындар тарапынан сақталмай, олар жақындап кетті. Өздеріңіз көрдіңіздер, қоршауымызға таяу үйлер тұрғызылған. Әрине, бұл жерде өндіріс, мал бар. Бұны парфюмерия фабрикасы деп айтуға болмайды. Иіс болуы мүмкін, бірақ бұл табиғи иіс», — деді базар әкімшісі Бақытжан Бекмұратов.
Көптеген шағымдардан кейін мал сою орнына тексеру жүргізілді. Иелері санитарлық нормаларды бұзғаны анықталды: мал қалдықтары екі күндей шығарылмаған. Осы үшін оларға айыппұл салынды. Бұзушылықтар жойылды, бірақ иіс әлі де сезіледі. Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Арсен Құрманқазиев: «Біз 20-сы күні сол жерге бардық. Әкім, ветеринарлық инспектор, басқарма бастығы, полиция болды. Барып, тексеріп, жеті күнге нұсқама бердік, жою үшін. Содан кейін айыппұл салдық, дәл ветеринарлық инспекция салды. Иістің болғаны үшін», — деді.
Иелері бұзушылық қоқыс полигонындағы өртке байланысты болғанын, қалдықтарды уақытша мал сою орнының аумағында қалдырғанын түсіндірді. Олар мұндай жағдайдың қайталанбайтынына уәде беріп, жағымсыз иіспен күрес шараларын әзірлегендерін мәлімдеді.


