Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында полиция қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен психотроптық заттар жасайтын жасырын зертхананың жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Төлеу Мархамедовтің айтуынша, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында саяжай алқаптарының бірінің аумағынан арнайы жабдықталған ғимарат табылған.
«Тергеу әрекеттері кезінде құрамында химиялық заттар мен прекурсорлар бар 60-тан астам канистр, зертханалық жабдық және басқа да құрылғылар тәркіленді», — деді полковник Мархамедов.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың ішінен массасы 388,97 грамм а-PVP психотроптық заты анықталды. Алдын ала есептеулер бойынша, бұл шамамен 2 мың бір реттік дозаға тең.
«Заңсыз өндірісті ұйымдастырды деген күдікпен 31 жастағы ер адам ұсталды. Сот оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», — деп қосты полковник Мархамедов.
Қазіргі таңда прекурсорлар мен жабдықтарды сатып алу көздері, ықтимал қаржыландыру арналары, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекетке қатысы бар басқа да адамдар анықталуда.


