Алматы облысында үйден қашып, Қарағандыда тұрып жатқан 17 жастағы қыздың ата-анасына қатысты шара қолданылды. Жасөспірімнің өзіне де шара қолданылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

КТК телеарнасының дерегінше, 17 жастағы қыздың жуырдағы қашуынан кейін отбасына құқық қорғаушылар, полицейлер, шенеуніктер мен психологтан құралған арнайы делегация барды. Сапардың мақсаты — баланың үйден кетуінің шынайы себептерін анықтау болды.

Әңгіме барысында жасөспірімнің өзі бөлек және өз бетінше тұрғысы келгенін айтты.

«Біз қызды да, жалпы отбасын да бақылауға аламыз: үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Кеңейтілген, алқалы түрде қарастырамыз, ал комиссия дұрыс деп тапқан жағдайда ғана оны кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырамыз», — деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов.

Арнайы комиссияның сапарына қыздың анасы онша қуанған жоқ. Ал журналистерге қызының бетін көрсетуге тыйым салды. Оқиғадан кейін отбасы есепке қойылады. Қазір бала құқықтарын қорғаушылар қыздың білімін жалғастыру мәселесін шешіп жатыр.

«Баланың жағдайының жақсы екеніне өз көзімізбен көз жеткізу үшін дереу келдік. Енді бүкіл комиссия болып қыздың мамандығы бойынша одан әрі оқуы мәселесін қарастырамыз. Сонымен қатар жасөспіріммен психологтар жұмыс істейді», — деп атап өтті Алматы облысының бала құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы Мадияр Шарапов.

Еске салайық, 17 жастағы қыз 21 шілдеге қараған түні жоғалып кеткен. Ол заттарын жинап, жинақтарын алып, Алматы облысындағы Долан ауылындағы үйінен шығып кеткен. Жуырда жасөспірімнің табылғаны белгілі болды. Ол осы уақыт бойы Қарағандыда болған — жекеменшік балабақшада күтуші болып жұмыс істеп, пәтер жалдап тұрған.