Бұған дейін Қонаевта топтасып зорлау туралы арызданған Ресей Федерациясының азаматы бейнеүндеу жазып, оны Threads әлеуметтік желісінде жариялады. Қыз өз мәлімдемесінде қылмысқа полиция қызметкерлерінің қатысы бар деген бұрынғы сөздерін жоққа шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шетелдіктің айтуынша, ол бұрын таратқан шабуылды тәртіп сақшылары жасады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
«Маған қорқынышты қылмыс жасалды, өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған екі ер адам мені зорлады. Мен адастырылдым. Тергеу олардың біреуі бұрын сотталған адам болып шыққанын анықтады... Бүгінде маған жамандық жасаған адамдар ұсталды. Полицияның алдында кешірім сұраймын, маған дұрыс емес ақпарат берілген екен», — деді ол.
Қыз полицияның объективті тергеу жүргізіп жатқанын, ал оның құқығын адвокат қорғап жүргенін қосты.
Еске салайық, бұған дейін 28 жастағы шетелдік әйел Қонаевта жергілікті полиция қызметкерлері топтасып зорлады деп мәлімдеген болатын. Алматы облысы полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі күдікті ұсталғанын хабарлады. Кейін ведомство ұсталғандар полиция қызметкерлері емес екенін қосты.


