Алматы облысының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Қарасай аудандық мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық туралы іс қаралды. Мейрамхана маңында ауаға оқ атқан ер адам өзіне айыппұл салуды сұраған, алайда сот басқа жаза түрін таңдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 18 қазанда сағат 23:00 шамасында ер адам Жібек жолы ауылындағы мейрамхана алдындағы қоғамдық орында шулы қарудан бірнеше рет ауаға оқ атқан. Осылайша ол қоғамдық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын бұзған.
Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, соттан балама жаза түрін, яғни айыппұл салуды сұрады.
ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды, қоғамдық жұмыстарға тартуды не 5-тен 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуды көздейді.
Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын және оның жасалу мән-жайларын, атап айтқанда істің түнгі уақытта қоғамдық орында жасалғанын ескерді. Осыған байланысты сот құқық бұзушыға айыппұл емес, әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындауды негізді деп санады.
Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, оған 10 тәулікке қамау түріндегі жаза тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.


