Алматы облысында сот негізсіз байыту ісі бойынша бітімгершілік келісімді бекітті — жауапкер айына 100 мың теңге төлеуге келісті, деп хабарлайды infohub.kz.

Балқаш аудандық соты негізсіз байытуды өндіріп алу туралы талап қоюды қарады. Анықталғандай, 2026 жылғы 21-23 қаңтар аралығында белгісіз адамдар мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері болып таныстырып, алдау жолымен талапкердің банктік шоттарынан ақшасын иемденген. Олар сенімді теріс пайдаланып, ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, оның шоттары мен банк терминалдарынан ақшаны әртүрлі адамдарға, соның ішінде жауапкерге аударған.

Судья-медиатордың көмегімен тараптар медиация арқылы дауды реттеді. Тараптар ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын растап, медиация тәртібінде дауды реттеу туралы келісімге қол қойды.

Келісім шарттары бойынша жауапкер талапкерге 3,8 млн теңге, оның ішінде негізсіз байыту үшін 3,5 млн теңге және сот шығындары үшін 300 мың теңге төлеуге міндеттенді. Төлем айына 100 мың теңгеден қолма-қол ақшамен әр айдың 15-і күніне дейін, 2026 жылғы 15 маусымнан бастап 2029 жылғы 15 шілдеге дейін 38 ай бойы жүргізіледі.

Егер келісім белгіленген мерзімде орындалмаса, атқару парағы талапкердің өтініші бойынша мәжбүрлеп орындалуға жатады. Іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Төленген мемлекеттік баж салығы 34 980 теңге көлемінде талапкерге қайтарылды. Ұйғарым заңды күшіне енді.