Алматы облысында азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың бас тартуын жойып, орта мектеп мұғалімінің төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, алқа өтініш берушінің бірінші сатыдағы сот шешіміне қатысты апелляциялық шағымын қарастырды. Әйел сотқа жүгініп, банктер мен микрокредиттік ұйымдар алдындағы берешегінің жалпы сомасы 7,7 млн теңгеден асатынын, қаржылық жағдайына байланысты міндеттемелерін бұрынғы тәртіппен орындай алмайтынын түсіндірді.

Бірінші сатыдағы сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартып, өтініш берушінің тұрақты табысы бар екенін және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындау мүмкіндігін негізге алды. Сот алқасы азаматтық іс материалдарын зерделеп, апелляциялық шағымның дәйектерін бағалай келе, бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары істің нақты мән-жайына сәйкес келмейді деген қорытындыға келді.

Алқа өтініш берушінің жұмыс орны мен қызметінің ерекшелігін ескерді: ол орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді, сондықтан негізгі қызметінен тыс қосымша табыс табу мүмкіндігі шектеулі. Жалақысы 150 мың теңге.

Сонымен қатар өтініш берушінің асырауында үш кәмелетке толмаған баласы бар екені, оларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырғаны, жұбайының бірнеше жыл бұрын қайтыс болғаны анықталды. Оның әрекеттері кредиторлардан жасыруға немесе міндеттемелерін орындаудан жалтаруға бағытталмаған. Керісінше, ол заңда көзделген рәсім арқылы қаржылық жағдайын реттеуге ниетті борышкер.

Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі жойылып, өтінішті қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылды.