Алматы облысы Қарасай ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желілерде тараған резонансты бейнежазбаның кейіпкерлеріне қатысты әкімшілік іс бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, бейнероликтегі тұлғалар қоғамдық орында жүріп, айналасындағыларға ашық түрде құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасаған.
Бейнежазба Қазнетте тез таралып, құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Сот отырысында іс материалдары мен бейнежазбаны сарапшылар мен судья зерделеп, азаматтардың әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берді.
Сот бейнежазбаға қатысушыларды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
«Сот қаулысымен азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оларға осы баптың санкциясында көзделген ең жоғары жаза — 10 тәулік әкімшілік қамау тағайындалды», — деді Қарасай ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енбеді және заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.


