Алматы облысында судағы Formula-1 H2O пилоттарының академиясы мен спорттық катерлер шығаратын зауыт ашу жоспарлануда. Алдағы бес жылда Қапшағай су қоймасында халықаралық Formula-1 H2O чемпионатының кезеңдері өтеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Қонаев қаласында спорттық су техникасының пилоттарын дайындайтын академия ашу көзделуде. Сондай-ақ, онда осындай жарыстарға арналған катерлер шығаратын зауыт салынады.
«Біз халықаралық чемпионаттың Орталық Азияда кеңінен дамуын қалаймыз. Сондықтан әлемдегі ең ірі су жарыстарын су туризмі саласындағы әлеуеті кеңінен танымал Қонаев қаласында өткізу туралы шешім қабылдадық», — деді H2O Racing компаниясының өкілі Раймондо ди Сан Джермано.
Әкімдікте чемпионаттың өткізілуі аймаққа туристерді тартады деп есептейді. Таяу болашақта әлемдік жарыстарда ел намысын қорғайтын Қазақстан құрамасы құрылады.
Академияның қанша пилот қабылдай алатыны, құрылысы қашан басталатыны және болашақ кешеннің қандай болатыны туралы әкімдік әзірге хабарлаған жоқ. Әзірге бұл — тек жоспар.
Еске салайық, биыл Formula-1 H2O кезеңі Қырғызстандағы Ыстықкөл көлінде өтті. Жарыс кезінде ұйымдастырушылар 2027 жылғы әлем чемпионаты Қапшағай су қоймасында өтетінін ресми түрде мәлімдеді.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle Netflix «Формула-1» жарыстарын тікелей эфирде көрсете бастағанын жазған еді.


