Алматы облысындағы «Шалқоде», «Шұбартал», «Байынкөл» және «Көккемер» жайлауларына 95 км жол тартылады. Кейбір учаскелер осы жылдың соңына дейін тапсырылса, қалған жобалар 2027 жылға қарай аяқталады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Көккемер» жайлауына кіреберістегі 21 шақырымдық жол учаскесіне орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмысқа 10 техника мен 25 маман жұмылдырылды. Бүгінде жұмыстың 30%-ы орындалды, жөндеуді келесі жылы бітіру жоспарланып отыр.

«Көккемер» жайлауына асфальт төселуі теңіз деңгейінен 3,6 мың метр биіктікте орналасқан «Текес» сарқырамасына барар жолды да жеңілдетпек.

Атақты «Шалқоде» жайлауына кіреберістегі жолды орташа жөндеу ұзындығы 32,5 км. 26 км жол асфальт төсеуге дайын, 10 су өткізу құбыры ауыстырылып, 4 км асфальт жабындысы төселді. Абаттандыру жартысынан астамы орындалды, толық жөндеу жыл соңына дейін бітеді.

«Шұбартал» жайлауы да туризмді дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Мұнда ұзындығы 28,5 км жол салынып жатыр», — деді әкімдікте.

«Байынкөл» аңғарына 13 шақырымдық жол учаскесі тартылуда. Реконструкция 30%-ға аяқталды. Жол бойына тұрақтар жасалады. Жобаны аяқтау 2027 жылға жоспарланған.

Облыс әкімдігінде жобалардың жүзеге асуы өңірдегі туризмнің дамуына серпін беретініне сенімді.

Бұған дейін «Курсив» туристерге Алматының ең көрікті жерлерінің біріне бару қиындайтынын жазған болатын.