Алматы облысында жылдық 5% мөлшерлемемен «Алатау» жеңілдікті ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Оған 18 бен 60 жас аралығындағы жұмыс істейтін қазақстандықтар қатыса алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Алатау» бағдарламасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж облыс тұрғындарына арналған. Биыл оны жүзеге асыруға 3,2 млрд теңге бөлініп, 120-дан астам несие беру жоспарлануда.

«Алатау» ипотекасының шарттары: жылдық 5% мөлшерлеме, бастапқы жарна 10%, несиенің ең жоғары сомасы — 30 млн теңгеге дейін. Маңызды шектеу: пәтерді тек жаңа ғимараттан және тек Қонаев қаласынан сатып алуға болады. Сондай-ақ, меншігінде тұрғын үйі жоқ азаматтар ғана қатыса алады.

Бағдарлама белгілі бір сала қызметкерлеріне бағытталған: білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, энергетика және коммуналдық шаруашылық, мемлекеттік қызмет, сондай-ақ БАҚ (бұл санат 2026 жылы қосылған).

Өтінімдер Қонаев қаласындағы «Шахнур» бизнес-орталығында қабылданады. Қабылдау кестесі: дүйсенбіден жұмаға дейін 9:00-ден 18:00-ге дейін, сенбіде 13:00-ге дейін. Алдымен құжаттарды әкімдік тексереді, содан кейін облыстық комиссия қарайды. Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі: ресми неке — 2 балл; кәмелетке толмаған балалар — 2 балл, әрбір келесі балаға қосымша 1 балл; еңбек өтілі (кемінде екі жыл) — 2 балл, әрбір келесі жылға 1 балл; мемлекеттік қызметте немесе бюджеттік салада жұмыс істеу — 5 балл; әлем чемпионы немесе Азия ойындарының чемпионы атағы, оның ішінде паралимпиадашылар — 7 балл.

Конкурс жеңімпаздары «Отбасы банкке» жолдама алады, онда табыс пен несие тарихы тексеріледі. Егер табыс жеткіліксіз болса, екі кепілгер тартуға болады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 2%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлемемен ипотекалық бағдарламалар да бар, оларға тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал азаматтар қатыса алады.