Алматыда Jetour көлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған ұлына көлік қозғалып бара жатқанда ойыншық тапаншамен ойнауға рұқсат берген. Бала оны жолаушылар көлігіне қарай бағыттап тұрған. Оқиға бейнежазбаға түсіп, полицияның назарына ілікті. Тексеру барысында қаруға ұқсайтын зат баланың ойыншығы болып шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мегаполис полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 27 қазанда сағат 15:45 шамасында Райымбек пен Жетісу көшелерінің қиылысында тіркелген. Жүргізілген шаралар нәтижесінде полицейлер Jetour маркалы көлікті және оның 1988 жылы туған жүргізушісін анықтады. Көлікті тексеру кезінде пластиктен жасалған ойыншық тапанша табылды.
«Оқиға 27 қазанда сағат 15:45 шамасында Райымбек пен Жетісу көшелерінің қиылысында болғаны анықталды. Жүргізілген шаралар нәтижесінде полицейлер Jetour маркалы көлікті және 1988 жылы туған жүргізушісін анықтады. Көлікті тексеру кезінде пластиктен жасалған ойыншық тапанша табылды. Анықталғандай, онымен көлік салонында отырған жүргізушінің кәмелетке толмаған ұлы ойнаған», — делінген хабарламада.
Тексеру қорытындысы бойынша жүргізуші жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін, нақтырақ айтқанда, жолаушының қозғалып бара жатқан көлік салонынан тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Полиция еске салады: сыртқы түрі қаруға ұқсайтын ойыншық заттардың өзі айналадағылардың алаңдаушылығын тудырып, қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін. Мұндай әрекеттерге, әсіресе жол қозғалысы жағдайында, жол бермеу маңызды», — деп қосты полиция департаментінде.


