Алматыда бес адамның, оның ішінде бір баланың өмірін жалмаған жеке үйге қасақана өрт қоюға күдікті әйел ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Ведомствоның Instagram-дағы ресми парақшасында жазылғандай, жеке үйдегі өртке қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті анықталып, ұсталды. Қайғылы оқиға 26 қарашаға қараған түні Бостандық ауданында болған. Өртті сөндіру кезінде үйден бес адамның денесі табылған.

Осы факті бойынша қылмыстық істер тіркеліп, арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу барысында полицейлер бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, күдіктінің жүріп өткен бағытын және оқиғаның мән-жайын анықтады.

«Тергеу нұсқасы бойынша, қайғылы оқиғаның себебі — жеке басқа деген өшпенділік салдарынан қасақана өрт қою. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 37 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», — деп хабарлады Алматы Полиция департаментінде.

Бұған дейін Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтқан болатын.

Сондай-ақ қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды. Өртенген үйдің иесі Қуаныш Кеңес үйге бұрынғы тұрғыны өрт қоюы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, шамамен үш ай бұрын ол осында өрт шығарған — сол кезде өртті сөндіру мүмкін болған. Бұл факті бойынша полицияға шағым түспеген.

Ер адам қайғылы оқиға болған түні ол қайтадан үйге кіріп, өрт қоюы мүмкін деп болжады. Оның айтуынша, оның қолында бұны растай алатын бейнежазбалар мен куәгерлер бар.