Алматыдағы Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында 21 қыркүйекте болған өрт төңірегіндегі манипуляциялық хабарламалардың тарауы осы нақты оқиғаны Ресейде оба болды деген қауесетпен байланыстыру әрекетімен ұштасып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігі Дезинформацияға қарсы күрес орталығына сілтеме жасап хабарлауынша, тиісті манипуляциялық материалдар соңғы күндері желіде тарай бастаған.
«Соңғы күндері өрттің нақты фактісі төңірегінде кейбір аккаунттар болған оқиғаны бұған дейін ресейлік билік ресми түрде жоққа шығарған Ресейдегі оба жағдайы туралы қауесетпен байланыстыруға тырысып жатыр. Сонымен қатар аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында мамандандырылған зертханалардың болуы екі оқиға арасында жалған байланыс жасап, қосымша үрей тудыру үшін пайдаланылып отыр», — делінген Дезинформацияға қарсы күрес орталығының Telegram-арнасында жарияланған хабарламасында.
Дезинформацияға қарсы күрес орталығы пайдаланушыларды манипуляцияға берілмеуге және таралып жатқан ақпаратты ресми дереккөздерден тексеруге шақырады.
Еске салайық, 21 қыркүйекте Алматыдағы ғылыми орталықтың екі қабатты әкімшілік ғимаратының екінші қабатында өрт шыққаны белгілі болды. ТЖД дерегінше, тұрмыстық техника мен заттар жанған.
Денсаулық сақтау министрлігі кейінірек өрт салдарынан мамандандырылған зертханалардың зардап шекпегенін нақтылады. Зертханалық жұмыстар жүргізілетін бөлмелерді от шарпымаған, олардың герметикалығы бұзылмаған. Инфекциялық аурулардың таралу қаупі мен халыққа қауіп жоқ.
Ал жақында БАҚ Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы институт қызметкерінің оба күдігімен көз жұмғанын хабарлады. Кейін Роспотребнадзор ол анықталмаған этиологиялық пневмониядан қайтыс болғанын мәлімдеді.


