69 жастағы алматылық Светлана Суходольская өзін ҰҚК қызметкерімін деп таныстырған телефон алаяқтарымен сөйлескен соң екі пәтерінен айырылды. Әйел әр пәтерін 25 миллион теңгеден сатып, ақшаны курьерлерге беріп қойған. Енді ол жарты ғасырдан астам тұрған үйінен кетуге мәжбүр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға 2025 жылдың мамыр айында болды. Белгісіз біреу зейнеткерге қоңырау шалып, оның электронды цифрлық қолтаңбасы бұзылғанын айтқан. Алаяқтарға сеніп, Суходольская сату-сатып алу шарттарын рәсімдеп, ақшаны курьерлерге тапсырған.
«Бұл пәтерді әкем алған, ол Ұлы Отан соғысының I топ мүгедегі еді. Көзі көрмейтін. 1972 жылы осы пәтерді алдық. Әкем бірден қызыл ағаштан жасалған осы жиһазды сатып алды. Бұл чех гарнитуры, қызыл ағаштан жасалған», — деп әңгімеледі зардап шеккен әйел.
Тергеу бір жылға созылды, бірақ бас алаяқты анықтау мүмкін болмады. Мәмілені жою әрекеттері нәтижесіз болып, сот әйелді пәтерден шығару туралы шешім қабылдады. «Міне, осы пәтерде 53 жыл тұрдым... Ренжігім келмеді. Болмады. Заттарымды жинадым, ар-ұжданым таза, кілттерді тапсырдым. Міне, осылай менің қарттығым аяқталып жатыр, кешіріңіз. Әрі қарай не болады, шынын айтсам, білмеймін», — деді ол.
Полиция зейнеткерден ақша алған екі Қырғызстан азаматын ұстады. Сот оларды 5,5 жылға бас бостандығынан айырып, шығынды өтеуге міндеттеді. Алайда Суходольскаяның айтуынша, төлем алу екіталай: «Мені ең қатты ренжіткені – ақшамды алып, алаяқтарға апарған курьерлерге төлем жасауды бұйырды. Олардың ата-аналары балаларынан бас тартқан, қарыздарын өтемейді. Ал Қазақстанда олар жұмыс істей алмайды, себебі шетелдіктер».
Қазір зейнеткер қайда тұратынын білмейді. Ұлы мен немересі шетелде. Таныстары қарттар үйін ұсынады, бірақ ол барғысы келмейді. «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі директор орынбасары Сымбат Набиева түсіндіргендей: «Жасы бойынша зейнеткерлер тұруға құқылы, олар тіркелген жері бойынша бекітіледі. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінеді. Онда құжаттар тізімін алып, тапсырады. Тіркелген жері бойынша ХҚКО-ға өтініш жазады».
Светлана Суходольская алаяқтық схемасын ұйымдастырушылар табылып, жазаланса деп үміттенеді.


