Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері тоқтау талабын орындамаған Toyota Camry көлігінің жүргізушісін қуғынға салды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы қалалық полиция департаментінің Instagram парақшасында мәлім еткендей, түнгі сағат екі шамасында патрульдік экипаж Төле би даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысынан өтіп бара жатқан Toyota Camry жүргізушісінен тоқтауды талап еткен. Алайда ер адам талапты елемей, қашып кетпек болған. Сөйтіп қуғын басталды.
«Жүргізуші көлікті тұйық жолға бұрып, көлігін тастап, жаяу қашуға әрекеттенді. Полицейлер оны дереу қоршауға алып, ұстады. Мұндай әрекеттің себебі медициналық куәландыру кезінде анықталды: ер адам көлікті алкогольдік масаң күйде басқарған. Сараптама орташа дәрежені анықтады», — деп атап өтті полицияда.
Жүргізушіге қатысты заңда көзделген шаралар қолданылғаны белгілі.
Алматы полиция департаменті соңғы екі тәулікте қалада көлікті масаң күйде басқарған 31 жүргізушінің ұсталғанын қосты.


