Алматы полициясы америкалық рэпер Канье Уэсттің алдағы концертіне билет сатып алу кезінде алаяқтық схемалар болуы мүмкін екенін ескертіп, жанкүйерлерге үндеу жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы полиция департаменті билеттерді тек ресми сату сервистері арқылы сатып алуды қатаң ұсынады. Тәртіп сақшылары маңызды бір жайтты түсіндірді: төлем жасалғаннан кейін сатып алушы ваучер алады, ол 13 тамызда бірегей QR-коды бар электронды билетке автоматты түрде айналады. Аталған күнге дейін QR-коды бар дайын билеттер жоқ, сондықтан әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мұндай билеттерді «қолдан» сату туралы кез келген ұсыныс алаяқтық болуы мүмкін.
Полиция билеттерді қайта сату да тек ресми жолмен жүзеге асырылатынын атап өтті: бұл жағдайда бұрынғы ваучер жойылып, жаңа иесіне жаңасы ресімделеді. Әншінің жанкүйерлері бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және ақпаратты тек іс-шара ұйымдастырушыларының ресми арналары арқылы тексеруге шақырылады.
Еске салайық, 17 шілдеде Канье Уэсттің Алматыдағы концерті туралы ақпарат пайда болды. Алдымен бұл туралы оның менеджері Джозеф Карре хабарлады, кейін Алматы әкімдігі өнерпаздың 14 тамызда сағат 21:00-де Орталық стадионда өнер көрсететінін растады. Бұған дейін полиция желіде алаяқтардың бұл оқиғаға жоқ билеттерді сатып жатқанын хабарлаған болатын.


