Алматыда Хэллоуин қарсаңында көшелерде шанағына қан іздері түсірілген, қол таңбалары мен жүксалғышынан салбыраған адам мүшелері бар көліктер пайда болды. Полиция мұндай «декорацияға» қалай қарайтынын infohub.kz сайты хабарлады.

Алматы полиция департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасында атап өтілгендей, кейбір жүргізушілер өз көліктерін мерекеге арналған жылжымалы декорацияға айналдырмақ болған. Алайда біреуге ойын-сауық болып көрінген нәрсе басқалар үшін шынайы үрей тудыруы мүмкін.

«Қала жолдарында қылмыс орнын имитациялау — күмәнді әрекет. Мұндай визуалды әсерлер дүрбелең тудырып, жедел қызметтерге шақыртуларға себеп болуы және басқа жол қозғалысына қатысушылардың назарын аударып алаңдатуы мүмкін», — деп есептейді ведомствода.

Алматы полиция департаменті мәселенің құқықтық жағы да бар екенін қосты. Жол жүрісі ережелеріне сәйкес, тасымалданатын заттар жүргізушінің көрінуін шектемеуі, көлікті басқаруды қиындатпауы, мемлекеттік нөмірлерді, жарық құралдарын жаппауы және айналадағыларға қауіп төндірмеуі тиіс.

Декорацияның сипатына және анықталған бұзушылықтарға қарай жүргізушіге әкімшілік жауапкершілік, оның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы бойынша жауапкершілік төнуі мүмкін.

Полиция жүргізушілерді қоғамдық жолдарды күмәнді тәжірибелер алаңына айналдырмауға шақырды. Мереке аяқталады, ал жолдағы қауіпсіздік үшін жауапкершілік қалады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қаладағы бір мекеменің адам бейнесіне ұқсайтын затпен безендірілуіне байланысты жанжал туындаған еді. Оның иесімен әңгімелесу жүргізілді.