Алматы полиция департаменті бейтаныс әйелге шабуыл жасауы мүмкін ер адамды іздестіруде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еgovpress Instagram парақшасында жарияланған бейнежазбада ер адам әйелді ұстап алып, онымен бірге еденге құлағаны, кейін куәгерлердің әйелді қорғап қалғаны көрінеді.

«Алматы полицейлері бейтаныс әйелге шабуыл жасаған белгісіз ер адамды іздестіруде. Зардап шеккен әйел осы адамды танитындардан оның деректерін полицияға хабарлауды сұрайды», — делінген бейнежазба сипаттамасында.

NUR.KZ тілшісі Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сауал жолдады.

«Әйелге физикалық күш қолданылғаны түсірілген бейнежазба бойынша Әуезов ауданы полиция басқармасы тергеу жүргізуде. Әйелдің жеке басы анықталды, қазір ол полицияда және жауап беруде. Бұған дейін ол осы дерек бойынша полицияға арызданбаған. Қазіргі таңда бейнежазбада түсірілген ер адамның орналасқан жері анықталуда», — деп жауап берді департаментте.

Полиция ер адамның әрекетіне қағидатты құқықтық баға берілетінін және ол заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылатынын уәде етті.