Алматыда полиция қызметкерлері қала тұрғындарының ақшаға интимдік қызмет көрсетілетін пәтерлер туралы шағымдарына жауап берді. Тексеру қорытындысында екі күдікті әйел ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы полиция департаментінің нақтылауынша, құқық қорғаушылар ақшалай сыйақыға интимдік қызмет көрсетілген деген болжам бар мекенжайларды анықтаған.
Ведомство дерегінше, Төле би даңғылы бойындағы бір үйде құпия үй жұмыс істеуі мүмкін деген сигналға алғаш болып «Буран-205» патрульдік экипажы жауап берген. Ақпарат расталды. Пәтерде болған әйелді жеке басын анықтау және құқық бұзушылықтарға қатысын тексеру үшін полицияға жеткізді.
Екінші мекенжай Шевченко көшесінде тексерілді. Онда ақшаға интимдік қызмет көрсетті деп күдіктелген 31 жастағы шетелдік әйел ұсталды. Қазір полицейлер оның Қазақстанда болу заңдылығын және көші-қон заңнамасын бұзуы мүмкін екенін тексереді, делінген хабарламада.
Полиция департаментінде осындай фактілерді анықтау жұмысы жалғасып жатқанын және ықтимал құқық бұзушылықтар туралы бірде-бір сигнал полицияның назарынан тыс қалмайтынын мәлімдеді.


