Алматыда теміржол өткелінде локомотив КамАЗ-бен соқтығысып, жүк көлігінің жүргізушісі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жол-көлік оқиғасы қаланың Түрксіб ауданында болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, КамАЗ жүргізушісі маневр жасау кезінде теміржол өткеліне шығып кеткен. Сол жерде жүк көлігі тоғыз вагоннан тұратын құраммен келе жатқан локомотивпен соқтығысқан.
«Оқиға салдарынан КамАЗ жүргізушісі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Жүк көлігі қатты механикалық зақым алды», — делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Оқиға фактісі Түрксіб ауданының полиция басқармасында тіркелген. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп, қарап-тексеру жүргізіп, авария схемасын жасады. Барлық мән-жайлар анықталуда.
Полиция теміржол өткелдерінің қауіптілігі жоғары аймақтарға жататынын еске салды: «Теміржол өткелі — қауіптілігі жоғары аймақ, мұнда бір қателіктің бағасы тым қымбат болуы мүмкін. Жүргізушілер теміржол жолдарынан өту ережелерін қатаң сақтап, өткелдерден өткенде барынша мұқият болулары қажет».


