Алматыда ғимаратты бұзу жұмыстарымен айналысқан жұмысшы мен жергілікті тұрғын арасында жанжал шықты. Ауызша дау-дамай пышақ ұрумен ұласты, деп хабарлайды infohub.kz.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, Бостандық ауданында денсаулыққа ауыр зиян келтірген күдікті ұсталды.

"Төтенше қызметтер пультіне пышақ жарақаты туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген дәрігерлер кеуде тұсынан жараланған жас жігітті ауруханаға жатқызды. Ал "Буран-405" патрульдік экипажы ізін суытпай, күдіктіні ұстады. Алдын ала ақпарат бойынша, ер адамдар арасында бұрын да жанжал болған. Бірнеше күннен кейін ауызша дау қайта тұтанып, суық қару қолданумен аяқталды", — делінген хабарламада.

Күдіктінің ескі ғимаратты бұзу бригадасында жұмыс істегені, ал жәбірленушінің маңайдағы үйлердің бірінің тұрғыны екені анықталды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.

"Денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер тергеу шараларын жүргізуде, оның ішінде қылмыс құралының орналасқан жерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр", — деп нақтылады ПД.