Алматыда полиция қызметкерлері көшеде пышақпен жүрген ер адамды ұстады. Ол медиктерге тапсырылып, мамандандырылған мекемеге жатқызылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға 30 тамызда Бостандық ауданында болды. Полицияға пышақ ұстаған ер адам туралы хабарлама түсіп, оқиға орнына экипаж жіберілді.
«Келген қызметкерлер ақпаратты растап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Ер адам ұсталып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Оның психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғаны анықталып, кейін мамандандырылған медициналық мекемеге жатқызылды», — деп хабарлады Алматы қалалық ПД.
Полиция қазіргі уақытта айналадағыларға ешқандай қауіп жоқ екенін атап өтті.
Бұған дейін Алматы тұрғыны Анастасия Султанова Threads әлеуметтік желісінде ер адамның аудан тұрғындарын бірнеше рет мазалағанын, мүлікті бүлдіргенін және өтіп бара жатқандарға қауіп төндіргенін айтқан. Оның айтуынша, көршілер бұған дейін әртүрлі мекемелер мен полицияға жүгінген.
Жарияланым авторы сондай-ақ ер адамның балаларға зиян келтіру ниеті туралы айтып, №70 және №189 мектептерді атағанын мәлімдеген. Ол бейнежазбалардың бірінде оның жол жөндеу жұмыстарымен айналысқан жас жігіттерге пышақпен қауіп төндіргенін айтқан.
Полиция департаменті тұрғындарды сабырлық сақтауға, тексерілмеген ақпаратты таратпауға және осындай жағдайлар туындағанда 102 нөміріне хабарласуға шақырды.
Бұған дейін «Курсив» Астанадағы ұқсас оқиға туралы жазған болатын. Abu Dhabi Plaza сауда орталығында пышақ ұстаған 19 жастағы жігіт ұсталып, куәгерлердің айтуынша, ол бутік қызметкерлеріне қауіп төндірген. Полиция оның мән-жайды анықтау үшін басқармаға жеткізілгенін, кейін жедел жәрдем шақырылып, әкесіне тапсырылғанын хабарлады.
Abu Dhabi Plaza әкімшілігі қауіпсіздік қызметі оқиғаға жедел әрекет етіп, құқық қорғау органдарын шақырғанын мәлімдеді. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.


