Алматыда полицейлер пышақ ұстаған жігіттер тобы туралы хабарлама түскеннен кейін алты күдіктіні ұстады. Жанжал кезінде бір адам пышақ жарақатын алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Түнгі оқиға Ақсай шағын ауданында болды. «102» пультіне пышағы бар жігіттер тобы туралы хабарлама келіп түсті. Полицейлер дереу оқиға орнына жетіп, жанжал кезінде бір жігіттің пышақ жарақатын алғанын анықтады.

«Ізін суытпай «Буран-308» экипажы оқиғаға қатысы болуы мүмкін алты жігітті ұстады», – деп хабарлады полициядан. Күдіктілер Әуезов ауданының Полиция басқармасына жеткізілді. Олардың кейбіреуінің киімінен қанға ұқсас іздер табылды. Сондай-ақ тергеу үшін маңызы бар заттар алынды.

Қазір тергеушілер оқиғаның толық бейнесін қалпына келтіріп жатыр. Олар жанжалдың себептерін, әрбір қатысушының рөлін анықтап, пышақ жарақатын салған адамды табуы керек.

«Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», – деп қосты полициядан.