Алматыда жаңа тұрғын үйлердің қабаттылығына қатысты шектеулерді қатаңдату мәселесі қарастырылуда: кейбір аудандарда алты қабаттан биік ғимараттарға тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлімсеитов мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Журналистер қалада Абай және Әл-Фараби даңғылдары аралығында тоғыз қабаттан биік үйлер салуға тыйым салынғанын еске салды. Көпфункционалды ғимараттар үшін ерекшелік жасалған, егер олардың қоғамдық маңыздылығы мен жобалық шешімдерінің тұрақтылығы негізделсе. БАҚ өкілдері осындай нысандардың санына шектеу бар-жоғын және қабаттылық шектеуін Алматының басқа аудандарына тарату жоспарланып отырғанын сұрады.

«Иә, ондай мәселе бар, бірақ ол үшін қала құрылысы кеңесінен өтіп, барлық мәселелерді талқылап, тиісті техникалық жабдықтауды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ осы мәселелерді растайтын техникалық құжаттама керек. Сонымен қатар нысанның бірегейлігін негіздеу қажеттілігі туындайды. Бірақ көбінесе тоғыз қабаттан биікке рұқсат етілмейді», — деді Данияр Әлімсеитов.

Сонымен қатар ол жаңа үйлердің қабаттылығына қатысты жаңа шектеулер енгізу жоспарлары туралы айтты. «Абай (даңғылы — ред. еск.) жоғарысында тоғыз қабаттан әрі қарай төмендету қарастырылуда, бірақ бұл мәселе әзірге қаралу үстінде. (...) Жалпы, иә, шектеу жоспарлануда, бірақ әзірге әзірленуде. Қашан шешілетінін нақты айта алмаймын, бірақ ұлғайту емес, азайту жағы қарастырылуда. Шамамен алты (қабат — ред. еск.) шамасында», — деп түсіндірді спикер.