Алматының Әуезов ауданында қазан айының соңына дейін жаңа QADAM сквері ашылады — 0,35 га аумақты алатын қоғамдық кеңістік Сайын мен Ұлықбек көшелерінің қиылысындағы бұрынғы автотұрақ орнында пайда болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Аумақта балалар алаңы, жүгіру жолы, сырғанау және паркур аймақтары, сондай-ақ серуендеу кеңістіктері салынады. Бөлек әртүрлі табиғи жабындардан жасалған тактильді аллея қарастырылған. Орталық элементтердің бірі — субұрқағы, жарықтандыруы және «Болашаққа қадам» деген жазуы бар доғалы композиция болады.

Сонымен қатар аумақ көгалдандырылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда.

«QADAM тұжырымдамасы қозғалыс, түрлі фактуралар, дыбыс, су және жарық үйлесіміне негізделген. Тексеру қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды бекітілген кестені сақтауды және құрылыстың барлық кезеңдерінде жұмыс сапасын қамтамасыз етуді тапсырды», — деп мәлімдеді Алматы әкімдігінде.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle Алматыда 250 келі қоқыстан жасалған аллея ашылғанын жазған болатын. Жаңа нысан «Южный» саябағында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ашылды.