Алматының Әуезов ауданында бұрынғы тұрақ орнында QADAM сквері бой көтеріп жатыр. Қоғамдық кеңістікті қазан айының соңына дейін ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оңтүстік астана әкімдігінің мәліметінше, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Саин мен Улугбек көшелерінің қиылысында орналасатын сквердің құрылыс барысымен танысты.
Әкімдік дерегінше, бұрынғы тұрақ орнында ауданы 0,35 га заманауи сквер салынуда. Ол аудан тұрғындарының демалысына, серуендеуіне және белсенді уақыт өткізуіне арналған жаңа кеңістікке айналмақ.
Скверде түрлі табиғи жабындылары бар тактильді аллея, балалар алаңы, жүгіру жолы, сырғанау және паркур аймақтары, серуендеу кеңістіктері мен жасыл желек қарастырылған.
Оның басты элементтерінің бірі — фонтан, жарықтандыру және «Болашаққа қадам» деген жазуы бар аркалық композиция. QADAM тұжырымдамасы қозғалыс, түрлі фактуралар, дыбыс, су мен жарықтың үйлесіміне негізделген.


