Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған бұрынғы қонақүй ғимаратын сатуға шығара алмады. 25 қыркүйекке белгіленген электрондық аукцион өтпеді деп танылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Нысанның сауда-саттыққа қойылғаны 9 қыркүйекте белгілі болды. Алмалы ауданындағы Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан қонақүй кешені 12 759 410 000 теңге бастапқы бағамен ұсынылды. Аукцион 25 қыркүйекте сағат 10:00-де басталуы тиіс еді, бұл ретте жалғыз қатысушыға сатуға жол берілді.

Алайда белгіленген күні электрондық сауда порталында лоттың мәртебесі жаңартылды. «Өтпеді, электрондық аукцион басталған кезде аукцион залында сату нысаны бойынша тіркелген аукцион қатысушылары болмады», — делінген жарияланған мәртебеде.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті бұған дейін 2023 жылдың тамызында қонақүй сыйға тарту шартының негізінде мемлекет кірісіне берілгенін түсіндірген. Сол жылдың қыркүйегінде нысан Сот әкімшілігі департаментінің балансына өтті.

Сонымен қатар интернетте ғимаратты бұзу туралы ақпарат тарай бастады. Алайда қала әкімдігі NUR.KZ тілшісінің сұрауына жауап бере отырып, бұрынғы қонақүйді бұзу жұмыстары жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, жоба аяқталған соң ғимаратты жер учаскесімен бірге «Алматы қаласының цифрландыру басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне беру жоспарланып отырғаны хабарланды. «Болашақта нысан цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ IT, AI, креативті индустриялар және басқа да сабақтас бағыттарда жұмыс істейтін резиденттерді орналастыру үшін пайдаланылады», — делінген әкімдіктің жауабында.

Қайрат Сатыбалдыұлының ісіне келетін болсақ, 2022 жылдың қыркүйегінде сот оны ұрлық туралы басқа іс бойынша кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге тағайындады. Кейін оған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартылды.

Сатыбалдыұлының ісі бойынша жаңа сот процесі Астанада 2024 жылдың 1 сәуірінде басталды. Отырыста айыпталушының Ресейде, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Францияда және Қазақстандағы мүлкі туралы айтылды.

Кейін Сатыбалдыұлына мемлекетке жылжымайтын мүлік пен люкс автомобильдерді қайтаруға уақыт берілгені белгілі болды. Прокурор Нұрмаханов Сатыбалдыұлының тарапы қылмыстық активтерді мемлекетке қайтаруға келіскенін хабарлаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша тағы 50 млрд теңгені қайтару жоспарланып отырғанын мәлімдеген. 2024 жылдың тамызында Антикорда Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекетке нақты нені қайтарғаны айтылды. Кейін Бас прокуратура Сатыбалдыұлына тағы 50 млрд теңге сомасындағы мүлік мемлекетке қайтарылатынын хабарлады.