Алматыда Қала күнінің мерекесі Астана алаңында шарықтау шегіне жетті. Мұнда ауқымды Almaty Vibes музыкалық фестивалі мен мультимедиялық 3D Mapping Show өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Концерттік бағдарламаға танымал қазақстандық әртістер қатысты: Мақпал Жүнісова, Мирас Жүгінісов, KALIFARNIYA, ALPHA, Айдана Меденова, Жандос Қаржаубай, Төреғали Төреәлі, «Алаш ұлы» тобы және басқа да орындаушылар.
Астана алаңына мерекені бірге атап өту үшін бірнеше мың көрермен жиналды. Қонақтар әртістермен бірге ән салып, би билеп, қазақстандық жұлдыздардың өнерін жылы қарсы алды. Көрермендерге Алматыға, оның атмосферасына және сүйікті орындарына арналған әндер ерекше әсер етті.
Кештің ең жарқын оқиғаларының бірі – Алматының даму тарихын, танымал сәулет нысандарын және заманауи цифрлық технологияларды біріктірген мультимедиялық 3D Mapping Show болды.
Астана алаңына қараған ҚБТУ ғимаратының қасбеті ауқымды экранға айналды. Жарық пен визуалдық эффектілердің арқасында онда қала тарихы ашылып, көрермендер таныс Алматыны ерекше цифрлық форматта көре алды.
Мерекелік бағдарлама туралы әсерімен фестивальге 10 жасар қызы Мединамен бірге келген қала тұрғыны Айгерім Махметова бөлісті.
«Бүгін алаңдарда әсем салтанаттар өтіп жатыр, ал фестивальдегі қазақстандық жұлдыздардың өнері сонша қуаныш пен жағымды эмоция сыйлайды. Мультимедиялық шоу біздің Алматының тарихы мен сәулетін өте әсерлі әрі тың түрде көрсетті. Барлық алматылықтарға осындай атмосфераны әрдайым сақтауды – бір-бірін қолдап, сүйікті қаламызды бірге дамытуды тілеймін», – деді Айгерім Махметова.
Еске салайық, Алматыда дәстүрлі түрде қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтілетін Қала күніне орай мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. Қаланың түрлі алаңдарында мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер, фестивальдер, қойылымдар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылуда.


