Алматыда қасқырдың жыныс мүшелері, соның ішінде кептіріліп, тұздалған «қасқыр құнқасы» сатылымға қойылған. Сатушы оны бизнесмендерге, жүргізушілерге және сәтсіздікке ұшыраған адамдарға арналған тұмар деп атайды. Бұл туралы «Halyqstan» Telegram-арнасы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Арнаның мәліметінше, сатушы қасқырдың терісі, тырнағы және азу тістерімен қатар аналық қасқырдың жыныс мүшесін де сатып алуға ұсынады.
Сатушының айтуынша, кептіріліп, тұздалған бұл бөлік бизнесмендер мен жүргізушілерге «жол ашады» және сәтсіздіктерден қорғайды. Сондай-ақ сатушы бұл атрибутты бедеулік кезінде де қолдануға болатынын айтады — ол үшін оны өзімен бірге алып жүріп, ешкімге көрсетпеу жеткілікті.
Сонымен қатар сатушы тек бүлінбеген, тістелмеген және тырналмаған дананың «жұмыс істейтінін» алға тартады.
«Курсив» басылымы мұндай сауданың заңдылығы туралы экология және табиғи ресурстар министрлігіне сұрау жолдады.
Ведомство түсіндіргендей, қасқыр Қазақстанда саны реттелуге тиіс жануарлар түріне жатады. Мұндай реттеу халықтың денсаулығын қорғау, қоршаған ортаға зиян келтірмеу және ауыл шаруашылығына елеулі зиян қаупін болдырмау үшін жүргізіледі.
Алайда заң аталған жануарлардың азаматтар мен ұйымдардың меншігінде болуына жол береді.
«Заңнамада белгіленген тәртіппен, тиісті рұқсаттар негізінде табиғи ортадан алынған қасқырлар оларды аулаған жеке немесе заңды тұлғалардың меншігіне өтеді», — деп хабарлады Экология министрлігі.
Бұған дейін Түркістанда мысық көлік рөліне отырып, соқтығысқаны хабарланған болатын.


